Жаңалықтар

Қызылордалық оқушылар ғылыми жобаларын таныстырды

Жас зерттеушілер ғылым мен технологияны дамытуға үлес қосуда

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ғылыми жобаларын таныстырып, республикалық олимпиададағы жетістіктерімен бөлісті.

Ұлбосын Амангелді қазақ әдебиетіндегі тарихи тұлғаларды зерттеуге арналған жобасын ұсынды. Ол Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романы мен Ғ. Бекахметовтің «Барсакелмес» шығармасындағы кейіпкерлерді салыстырып, «Тұлғаны таны» веб-платформасы мен «Han Battle» интеллектуалдық ойынын әзірлеген.

Ал Ғайнижамал Берікқызы есту қабілеті бұзылған жандарға арналған «Qoldau AI» платформасын таныстырды. Жоба қазақ ым тіліндегі ишараттарды нақты уақытта танып, мәтінге аударуға мүмкіндік береді.


Аделина Финансова балалардың сөйлеу дағдыларын бағалауға арналған «Qadam Speech AI» веб-қосымшасын әзірлеген. Жүйе дыбыстарды салыстырып, мүмкін болатын қателіктерді анықтауға көмектеседі.

Сонымен қатар XIX Президенттік олимпиаданың алтын медаль иегері Нұрбақыт Сағилатова республикалық білім додасындағы жетістігімен бөлісті. Астана қаласында өткен олимпиадаға еліміздің барлық өңірінен 188 оқушы қатысқан.

Сыр өңірінің жас дарындары ғылым мен технология бағытында тың жобалар ұсынып, білім додаларында жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button