
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың тұрғындармен кездесуі аудандарда жалғасты. Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы құқық қорғау органдары басшыларымен бірге азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға келген 50-ден астам тұрғын баспана, денсаулық сақтау, білім беру, жер және жұмыспен қамту мәселелерін көтерді.
Балаби ауылының тұрғыны «Тартоғай» автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы қашан басталатынын сұрады. Қазіргі уақытта «Бейнеу – Шымкент» магистральдық газ құбырынан Тартоғай елді мекеніне дейін тармақ салу және АГТС орнату жобасының құжаттамасы әзірленуде.
Жоба жүзеге асып, газ құбыры пайдалануға берілгеннен кейін Бәйгеқұм, Жөлек, Балаби, Тартоғай, Майлытоғай, Сұлутөбе, 1 Мамыр және Жаназар батыр елді мекендерін газдандыру құжаттары дайындалады.
Алмалы ауылының тұрғыны Майлытоғай, Қарғалы, Жансейіт, Алмалы, Тәжібаев, Досбол датқа және Тұрсынбай датқа ауылдарындағы клуб ғимараттарының апатты жағдайын жеткізді.
Аталған ауылдарға жаңа клуб салу үшін жер телімдері бөлінген. Енді жоба-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.



