
Домбыра, фортепиано, гитара сынды бірнеше аспапта еркін ойнайтын Бекзат Асылбек өнерге бала кезінен жақын. Балабақша қабырғасынан ән айтып өскен ол 16 жасынан бастап баянды серік еткен. Бір қызығы, бастапқыда бұл аспапта ойнауға аса қызығушылығы болмаған. Өйткені айналасындағылардың барлығы баян тартатын. Алайда уақыт өте келе сүйікті аспабына айналды.
Бекзаттың өнер жолы да бірқалыпты болмаған. Алтыншы сыныпта ән айтуды тоқтатып, төрт жыл бойы дзюдомен айналысады. Кейін спорт пен өнердің бірін таңдауға тура келеді. Бұл шешімге екі ұстазының пікірі әсер еткен. Ақыры музыка пәні мұғалімінің қолдауымен өнерге қайта оралады.
Өнер жолында шаршаған, арманына жете алмай көңілі түскен кездері де болған. Дегенмен ол таңдаған жолынан бас тартпады.
– Өнер жолында сізді шаршатқан кездер болды ма?
– Әрине, болды. Арманым бұдан да биік еді. Кейде «әттеген-ай» деп қапаланатын сәттерім де кездесті. Бірақ қазір ойласам, ол кезде әлі жас екенмін ғой.
Бүгінде ол үшін өнер тек сүйікті ісі ғана емес, өз еңбегімен өмір сүруге мүмкіндік берген жол. Шығармашылықтың арқасында көлік сатып алып, ата-анасына салмақ салмай, өз күнін өзі көруге тырысқан.
Ал өнердегі ең үлкен жетістігі туралы сөз қозғағанда, мектеп кезін ерекше ықыласпен еске алады. Оның айтуынша, сол уақытта жеткен жетістіктерінің орны бөлек. Қазіргі таңда дәл сондай нәтижеге жету үшін бәрін қайтадан бастау керек шығар.
Бір кездері өнерден алыстап, спортқа бет бұрған Бекзат бүгінде сүйікті ісіне қайта оралды. Ал оның шығармашылық жолы мен алдағы мақсаттары әлі де жалғасын табады.



