Қызылордалық директорлар «Director’s Cup» турнирінде III орын иеленді
«Орда» фракциясы республикалық дебатта жүлдегер атанды

Атырау қаласында білім беру ұйымдарының басшылары арасында өткен VI республикалық «Director’s Cup» дебат турнирінде Қызылорда облысының командасы III орын иеленді.
Өңір намысын қорғаған «Орда» фракциясының құрамында Қызылорда қаласындағы №10 мектеп-лицей директоры Еркін Қуанышов пен Арал ауданындағы №220 мектеп-лицей директоры Әліби Әбілбаев болды. Қатысушылар шешендік шеберлігі мен сыни ойлау қабілетін танытып, өңір абыройын асқақтатты.
Республикалық кезеңге облыстық іріктеу арқылы 4 өкіл жолдама алды. Іріктеу кезеңіне 8 фракция құрамында 16 мектеп директоры қатысты.
Айта кетейік, бүгінде облыста қазақ, орыс және ағылшын лигалары бойынша 333 дебат клубы жұмыс істейді. Оның 305-і 299 мектепте, ал 28-і техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында құрылған. Ағымдағы оқу жылында пікірсайыс қозғалысына 10 081 оқушы мен 650 студент тартылған.
Пікірсайыс мәдениеті білім алушылар мен педагогтердің зияткерлік әлеуетін арттырып, сыни ойлау, шешендік және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.



