
Бүгін «Өнер орталығында» Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының басшылары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы жұртшылықты ұлттық мерекемен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктеріне тоқталды.
Салтанатты жиында ел дамуына үлес қосқан азаматтар «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және облыстың Құрмет грамотасымен марапатталды.
2022 жылдан бері облыс экономикасына 2,5 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Алдағы үш жылда 48 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Республика күні қарсаңында Қызылордада күн электр станциясы мен заманауи жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Сондай-ақ екі тұрғын үйдегі 160 пәтер иелеріне табысталды.
Соңғы төрт жылда өңірде 270-тен астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін «Қызылорда Арена» спорт кешені мен 300 орындық көпбейінді аурухананы іске қосу жоспарланған.




