Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 10,7 пайызға жетті
Мұрат Ергешбаев отандық тауар өндірушілерді қолдауды тапсырды

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық өндірісті дамыту және қолдау мәселелері қаралды. Жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режимде қатысты.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы өңірдің өңдеу өнеркәсібінде биылғы 10 айда 10,7 пайыз өсім қалыптасқанын атап өтті. Ол өндірістік әлеуетті арттырып, экономиканы әртараптандыру қажеттігін айтты.
Сондай-ақ қала және аудан әкімдеріне жоспарланған инвестициялық жобаларды жыл соңына дейін іске қосуды тапсырды. Мемлекеттік сатып алулар кезінде жергілікті тауар өндірушілердің өнімдеріне басымдық беру қажеттігін ескертті.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің ұсыныстары мен бастамаларын қолдау мәселесі көтерілді.
Жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы да талқыланды. Қазір тұрақтандыру қорының өнімдері облыстағы 36 әлеуметтік дүкен мен 5 ірі сауда үйінің әлеуметтік бұрышында сатылуда.
Аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне азық-түлік бағасын бақылауды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруды тапсырды.



