Қызылордада жаңа медициналық кешен бой көтеруде
Денсаулық сақтау саласына 625 млрд теңге бағытталды

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері мен алдағы міндеттер талқыланды. Жиында медицина ардагерлері Тұрғанбай Маханұлы, Абдулла Сыздықұлы және Асылбек Жамалұлы ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Соңғы жылдары өңірде 41 жаңа медициналық нысан пайдалануға беріліп, 2022 жылдан бері салаға 625 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталған. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аудандарда 28 медициналық нысан салынды. Сонымен қатар төрт көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша ғимараттар мен жұқпалы аурулар бөлімшелері бой көтерді.
Қазіргі уақытта Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана, 500 келушіге арналған емхана, Титов қыстағындағы ауысымына 400 адам қабылдайтын №5 қалалық емхана және 200 орындық перинаталдық орталық салынуда.
Сол жағалаудағы 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Мұнда бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емхана, 300 төсектік стационар және онкологиялық бөлімше болады. Сондай-ақ қабылдау, ота жасау, жансақтау, химиотерапия және радиотерапия бөлімдері қарастырылған.
Медициналық кешенге МРТ, компьютерлік томограф, ангиограф және қатерлі ісіктерді сәулелік әдіспен емдеуге арналған сызықтық үдеткіш орнату жоспарланған.
Қазіргі қалалық аурухана 1977 жылы салынған. Ал онкологиялық қызмет талапқа толық сәйкес келмейтін модульдік ғимаратта көрсетіліп келеді. Жаңа нысан пайдалануға берілген соң тұрғындар күрделі диагностикалық тексерулерден жергілікті жерде өтіп, ем қабылдау мүмкіндігіне ие болады.



