Жаңалықтар

Қармақшы тұрғындарының өтініштері қаралды

Аймақ басшысы тұрғындардың талап-тілегін тыңдады

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Қармақшы ауданына жұмыс сапары аясында тұрғындармен кездесуі және жеке мәселелері бойынша қабылдауы өтті.

Кездесуде тұрғындар баспана, денсаулық сақтау, мал шаруашылығы, білім беру, жол жөндеу және елді мекендерді газдандыру мәселелерін көтерді. Аймақ басшысы жауапты сала басшыларына өтініштерді жан-жақты қарап, заң аясында шешу жолдарын зерделеуді тапсырды.

Жосалы кентінің тұрғыны теміржол өткелінің үстінен көпір салу жобасының барысын сұрады. Жобаға республикалық бюджеттен 5 млрд 515 млн теңге бөлуге өтінім жолданған. Қазіргі уақытта келісімшарт рәсімделуде.

Ал Төретам кентінде Б. Момышұлы, А. Байтұрсынұлы және К. Байсейітова көшелерінің жалпы ұзындығы 5,84 шақырым болатын бөлігін орташа жөндеу жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

Сонымен қатар тұрғындар Тұрмағанбет және Алдашбай ахун ауылдарын газдандыру мәселесін көтерді. Ақтөбе, Ақжар, Тұрмағанбет және Алдашбай ахун ауылдарына газ құбыры мен кварталішілік желілер салу жобасына биыл облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінді. Жобаның жалпы құны – 5 млрд 745 млн теңге. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша «ТрансАзияКонстракшн» ЖШС мердігер болып танылды. Қазір келісімшарт рәсімделіп жатыр. Ауылдарға 2026-2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен газ жеткізу жоспарланған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button