KZO life

Қызылорданың заманауи келбеті: соңғы үш жылда салынған топ 10 ғимарат

Соңғы жылдары Қызылорданың сәулеттік келбеті мен инфрақұрылымы жаңарып, қалада бірқатар ірі нысандар бой көтерді. Кезінде жазық дала болған бұл жерлер қазір кішігірім қалаға айналған. Әсіресе Сырдарияның сол жағалауы, Тасбөгет кенті мен Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойында заманауи ғимараттар салынып, адам танымастай өзгерген.  Көлік, спорт, білім, руханият және медицина салаларын қамтитын бұл нысандар қаланың дамуына серпін беріп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Назарларыңызға Қызылорданың жаңа келбетін айшықтайтын 10 заманауи нысанды ұсынамыз. Қаланың дамуында көлік инфрақұрылымының орны ерекше. Бұл бағытта Қызылордада екі ірі нысан пайдалануға берілді.

        «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы (2024 жыл)
Қызылорданың халықаралық әуе қатынасын дамытуға мүмкіндік беретін жаңа терминал заманауи технологиялармен жабдықталған. Аумағы 7 500 шаршы метрді құрайтын кешен сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсете алады. Мұнда Испанияда жасалған телетраптар, Францияның жүк жүйесі, қол жүгін тексерудің автоматтандырылған жүйесі және басқа да заманауи құрылғылар орнатылған. Жобаны жүзеге асыруға Болат Өтемұратов қоры әлеуметтік жауапкершілік аясында 20,9 млрд теңге инвестиция салды. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, автожол құрылысына, аумақты абаттандыру мен жарықтандыруға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Жаңа автовокзал (2024 жыл)
Қалааралық және облысаралық жолаушылар қатынасын жеңілдетуге арналған жаңа автовокзал бюджет қаражаты есебінен 975 млн теңгеге салынды. Ғимаратта жолаушылар мен жүргізушілерге, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қажетті жағдай жасалған. Автовокзалдан халықаралық және өзге де бағыттар бойынша 38 маршрутқа қатынауға болады. Кешенде күту залы, электронды билет сату жүйесі, медициналық-санитарлық көмек көрсету орны, диспетчерлік бекет пен жүк сақтау камералары қарастырылған. Сонымен бірге ана мен балаға және жүргізушілерге арналған демалыс бөлмелері бар.

«Қайсар Арена» стадионы (2025 жыл)
11 мың көрерменге арналған «Қайсар Арена» – УЕФА-ның 4-санатына сәйкес келетін халықаралық деңгейдегі спорт кешені. Жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді құрайтын ғимарат заманауи талаптарға сай салынған. Мұнда футбол алаңынан бөлек, бокс, күрес, фитнес, спорттық гимнастика және ауыр атлетика залдары орналасқан. Бірінші қабатта спорт залдары, футболшылардың дайындық бөлмелері мен сауықтыру орталықтары бар. Екінші қабат әкімшілік бөлмелерге арналса, үшінші қабатта ауқымды жиындарға арналған мәжіліс залы орналасқан. Стадионда мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жаттығуына да жағдай жасалған. Жасыл алаң, заманауи жарықтандыру және дыбыс жүйелері халықаралық деңгейдегі спорттық әрі мәдени шараларды өткізуге мүмкіндік береді.

«Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы (2025 жыл)

Балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуына арналған академия шығармашылық пен технологияны ұштастырады. Кешен бір мезетте 500 оқушыны, ал тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдай алады. Мұнда бассейн, фитнес және көркем гимнастика залдары, жекпе-жек пен үстел теннисі залдары, сондай-ақ үстел ойындарына арналған кабинеттер бар. Спорт залдарында ұлдар мен қыздарға арналған жеке киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Академияның шығармашылық бағытында сурет салу, сәндік-қолданбалы өнер және балалар шығармашылығы шеберханалары жұмыс істейді. Сонымен қатар FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника, жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт пен математика кабинеттері бар.

         Оқушылар сарайы (2024 жыл)
Қызылорданың сол жағалауында «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық жаңа Оқушылар сарайы бой көтерді. Нысан аймақ басшысы мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен пайдалануға берілді. Білім беру кешенінде IT-техноорталық, экологиялық зертхана, жылыжай, телестудия және шығармашылық шеберханалар қарастырылған. Мұнда оқушылардың білімін жетілдіріп, түрлі бағыттағы қабілеттерін дамытуына мүмкіндік бар.

Тұңғыш «Құзыреттілік орталығы» (2026 жыл)
Мемлекетке заңсыз қайтарылған активтер есебінен 5 млрд теңгеге салынған екі қабатты «Құзыреттілік орталығы» 1000 орынға арналған. Жоба жастардың заманауи кәсіптік дағдыларды тегін меңгеруіне бағытталған. Орталық студенттерді халықаралық кәсіби шеберлік жарыстарына даярлауға, сарапшылар қауымдастығын дамытуға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға арналған бірыңғай жаттығу базасына айналады. Сонымен қатар мұнда жастардың кәсіби дағдыларын қалыптастырып, педагогтер мен жас мамандардың озық технологияларды меңгеруіне жағдай жасалған.

«Анаға тағзым» орталығы (2023 жыл)
Ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды насихаттайтын орталық белгілі кәсіпкер Марат Базарбайұлы Дүйсенбаевтың 1,7 млрд теңге демеушілігімен салынған. Мұнда аналар өнегесін дәріптеп, қыз тәрбиесі мен отбасы институтын нығайтуға арналған бірнеше клуб пен арнайы зал жұмыс істейді. Олардың қатарында «Мирас» әжелер клубы, «Ұлт жақұты» музей залы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Сырғалым» сырласу клубы, «Жас отау» жас отбасылар мектебі және «Ана тілі» дебат клубы бар.

       «Отбасы орталығы» (2023 жыл)
Сұлтан Бейбарыс көшесінде орналасқан орталықта салтанатты неке қию залы мен отбасын қолдау қызметтері біріктірілген. Нысан жас жұбайлардың некесін тіркеуге және отбасылық құндылықтарды нығайтуға арналған.

                  «Ербатыр Ата» мешіті
Тасбөгет кентінде орналасқан екі қабатты мешіттің жалпы аумағы 946,72 шаршы метрді құрайды. Құлшылық үйі бір мезетте 700 адамға дейін қабылдай алады. Мешіт құрылысы 2022 жылы кәсіпкер Абзал Ералиевтің демеушілігімен басталған. Ғимаратта ерлер мен әйелдерге арналған жеке намаз залдары, имам кабинеті, Құран оқыту және неке қиюға арналған арнайы бөлме, сондай-ақ екі дәрісхана бар.

                  Онкологиялық орталық
Сырдарияның сол жағалауындағы 7 гектар аумақта орналасқан онкологиялық орталық — өңірдің медициналық инфрақұрылымындағы маңызды жобалардың бірі. Он блоктан тұратын кешен қатерлі ісік ауруларын анықтау мен емдеуге арналған заманауи технологиялармен жабдықталған. Орталық құрамында 300 төсектік аурухана және 70 орындық арнайы онкологиялық бөлімше бар. Мұнда химиотерапия мен радиотерапия қызметтері көрсетіледі. Сонымен қатар кешенде компьютерлік томография (КТ), магниттік-резонанстық томография (МРТ), ангиограф және қатерлі ісікті емдеуге арналған заманауи сызықтық үдеткіш орнатылған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button