Жаңалықтар

Тұрғындардың өтініштері қаралды

Ауызсу, тұрғын үй және жұмыспен қамту мәселелері көтерілді

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев кезектілікпен жазылған тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Азаматтар әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, ауызсу және жұмыспен қамту мәселелерін көтерді.

«Саяхат» шағын ауданының тұрғыны ауызсу, газ, электр желілері мен жол мәселесін айтты. Қазір газ және ауызсу жобалары бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Ал электр желілерін тарту жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Құрылысқа қаражат бөлініп, мердігер анықталған. Жұмыс кезең-кезеңімен атқарылады. Жоба Т. Бұлғақұлы көшесін де қамтиды.

Бірінші топтағы мүгедектігі бар қала тұрғыны жұмыс орнына қатынаудағы қиындықтарын жеткізіп, көмек сұрады. Мәселе заң аясында қаралып, тиісті қолдау көрсетіледі.

«Бәйтерек» шағын ауданының тұрғыны тұрғын үй жағдайын жақсартуға қатысты өтініш білдірді. Ол 2005 жылы кезекке тұрып, 2019 жылы жер учаскесін алған. Алайда учаскеге салған жазғы құрылысы толық аяқталмаған, тұруға қолайлы жағдай жасалмаған. Өтініш бойынша құрылысты жөндеу жолдары қарастырылып, тиісті көмек көрсетіледі.

Қабылдау қорытындысында тұрғындар көтерген мәселелерді шешу үшін жауапты сала басшыларына тапсырмалар берілді. Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына тұрғындар eGov порталы, e-Otinish платформасы арқылы немесе әкімдікке жазбаша өтініш қалдыру арқылы жазыла алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button