Енді су есептегішін қашан ауыстыру керек?
Қазақстанда су есептегіштеріне жаңа талап енгізілді

Қазақстанда су есептегіштерін орнату және пайдалану ережесіне өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптар 9 қарашадан бастап күшіне енді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, жарамды әрі мерзімді тексеруден уақытында өтіп тұрған есептегіштерді міндетті түрде ауыстыру қажет емес. Олар істен шыққанға немесе толық тозғанға дейін қолданыла береді.
Ал жаңа есептегіш алғаш рет орнатылғанда немесе бұрынғы құрылғы жарамсыз болған жағдайда, көрсеткіштерді қашықтан жіберетін құрал орнату қажет.
Сондай-ақ жаңа ережеде мәліметтерді жіберудің нақты бір технологиясын қолдану міндеттелмейді. Есептегіштерді міндетті түрде бекіткіш клапанмен жабдықтау талабы да алынып тасталды.
Құрылғы су жеткізуші мекеменің балансында болса, оған сол мекеме жауап береді. Ал тұрғынның меншігіндегі есептегішті күтіп ұстау және тексерту міндеті меншік иесіне жүктеледі.
Министрлік жаңа талаптар қолданыстағы жарамды есептегіштерді жаппай ауыстыруды көздемейтінін атап өтті.



