Абай атындағы үш тілде оқытатын мектепте экологиялық зертхана ашылды
Дарынды оқушылар табиғатты қорғау жобаларын таныстырды

Қызылорда қаласындағы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектепте «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мектепте табиғатты қорғау, қалдықтарды сұрыптау, суды үнемдеу және көгалдандыру тақырыптарында оқушылардың жобалары мен макеттері қойылған көрме өтті. Сонымен қатар экологиялық бағытта ашық сабақ ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында мектеп жанынан экологиялық зертхана ашылды. Онда оқушылар аквариум балықтарын күтіп-баптау, бөлме өсімдіктерін өсіру, папайя дәнін егу, орхидеяны қайта отырғызу және топырағын жаңарту жұмыстарымен айналысады.
Сондай-ақ білім ордасында қалдықтарды сұрыптау, су мен электр энергиясын үнемдеу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сыр өңірі үшін маңызды су мәселесіне де назар аударылған. Мектепте жүзеге асырылып жатқан «Су және білім» бастамасы аясында су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану жұмыстары жалғасуда.
Бұдан бөлек, мектеп аумағын көгалдандыру, жасыл желекке күтім жасау, тазалық акциялары мен сенбіліктер тұрақты өткізіледі.
Аталған жұмыстар оқушылардың экологиялық сауаттылығы мен табиғат алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.



