Қазақстанда импорттық тыңайтқыштар 18,8%-ға қымбаттады
Шетелдік тыңайтқыш бағасының өсуі шаруаларға салмақ салды

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанға импортталатын минералды тыңайтқыштардың бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,8 пайызға өсті. Ал экспортқа шығарылатын өнім 1,6 пайызға қымбаттаған. Бұл туралы BAQ.KZ energyprom.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Импорттық тыңайтқыштар бағасының өсуі екінші жыл қатарынан жалғасып келеді. 2025 жылдың осы кезеңінде көрсеткіш 18,6 пайызды құраған. Ал 2023 және 2024 жылдары импорттық өнім арзандаған болатын. Соңғы жылдардағы ең жоғары өсім 2022 жылы тіркеліп, баға 83,6 пайызға көтерілген.
Экспорттық өнім бағасы баяу өскен. Биыл ТМД елдеріне жеткізілетін тыңайтқыштар 12 пайызға қымбаттаса, әлемнің басқа елдеріне экспортталатын өнім 1 пайызға арзандаған.
Импорттық тыңайтқыштардың қымбаттауы әсіресе азотты өнімдерге сұранысты шетелдік жеткізілімдер есебінен өтейтін шаруаларға әсер етеді. Сатып алу шығындарының артуы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қаржылық жүктемесін көбейтеді.
Қазір Қазақстанда минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау тетігі жұмыс істейді. Бұл шаруаларға өнім сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеуге мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, импортқа тәуелділікті азайту үшін отандық өндіріс қуатын кеңейтіп, ішкі нарықтағы сұранысқа ие тыңайтқыш түрлерін шығаруды дамыту маңызды.



