
Қызылорда облысында қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауапты ведомство өкілдері мәлімдеді.
ҚР Бас прокуратурасы ҚСжАЕ Комитетінің облыстық департаменті бөлімінің бастығы Естай Жукашевтың айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 12 мектеп маңындағы бейнекамераға «OPER» жүйесі енгізілген. Қауіпті тұлғалар камера аумағында пайда болған жағдайда, «102» арнасына автоматты түрде сигнал түседі.
Ал облыстық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мұратбек Манатов есепті кезеңде полиция 373 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтағанын айтты.
Бүгінде жол қозғалысын бақылауға арналған 218 автоматты құрылғы жұмыс істейді. Оның ішінде 25 мобильді кешен бар. Сонымен қатар республикалық маңызы бар жолдарда «ZEREK-2» орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылған.
Атқарылған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері облыста жол-көлік оқиғалары мен зардап шеккендер саны төмендеген.



