Қызылордада Сырдария арқылы жаңа көпір салынады
Ұзындығы 338 метр болатын нысанның құрылысы басталды

Бүгін Қызылордада И.Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысының капсуласы салынды. Рәсімге облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Құрылтай депутаттары, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Аймақ басшысы бұл жобаның қала жол-көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызын атап өтті.
Жаңа көпірді «ВД Строй Инжиниринг» компаниясы салады. Нысанның ұзындығы 338 метр, ені 23 метр болады. Жоба халықтың сұранысы мен көлік инфрақұрылымын дамыту қажеттілігін ескере отырып жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дария жағалауында екі жолақты жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынуда. Бұл жұмыстар өзен жағалауын су тасқынынан қорғап, тұрғындарға жайлы демалыс аймағын қалыптастыруды көздейді.
Биыл Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жалпы құны 30 млрд теңге болатын 22 жоба іске асырылуда. «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы жаңа көпірдің құрылысы аяқталды. Тасбөгеттегі Иманов, Бозғұл, Наурыз және Есенов көшелері кеңейтілді. Қазір кенттер мен ауылдық округтердегі 32 көше жөнделіп жатыр.


