Жаңалықтар

Үздік 10 оқырманға 10 млн теңгеден беріледі

Қазақстанда Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамасы аясында «Жылдың 10 оқырманы» атты ауқымды республикалық марафон басталды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев мәлімдеді.
Жоба еліміздің барлық өңірін — 195 аудан мен 87 қаланы толық қамтиды. 1 қыркүйекте басталған бастамаға екі аптаның ішінде миллионнан астам қазақстандық тіркеліп үлгерген.
Қатысу шарттары мен жүлде қоры
  • Кімдер қатыса алады: Сайыс 8 санат бойынша өткізіледі. Оған мектеп оқушылары, студенттер, ұстаздар, ғалымдар, мемлекеттік қызметшілер, қаламгерлер мен журналистер, сондай-ақ кез келген ниет білдіруші қатыса алады.
  • Тапсырма: Қатысушылар 6 ай ішінде арнайы тізімдегі 15 кітапты оқып, кейін зияткерлік кезеңде шығармалар бойынша өз білімін дәлелдеуі тиіс.
  • Сыйақы: Байқау барысында шамамен 4 мың жеңімпазға түрлі көлемдегі ақшалай сыйлықтар табысталады.
  • Бас жүлде: Әр өңірдің үздіктері арасынан республикалық деңгейде 10 жеңімпаз анықталады. Олардың әрқайсысына 23 сәуір — Ұлттық кітап күнінде 10 миллион теңгеден беріледі.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен ел азаматтарының көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған «Парасат» арнайы номинациясы қарастырылған. Бұл санатқа ақшалай сыйлық тағайындалмаған, оның мақсаты — жеке үлгі көрсету арқылы қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру. Министрдің өзі де осы санат бойынша марафонға қатысуға ниет білдіріп, әріптестерін де оқуға шақырды.
Марафонға кез келген адам reading-nation.kz ресми сайты арқылы онлайн тіркеле алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button