
Қазақстанда мектеп мұғалімдері қазір 25 түрлі құжат толтырып, 70-тен астам цифрлық платформаны пайдаланады. Президенттің Жолдауынан кейін Оқу-ағарту министрлігі бұл жүйені қайта қарап, бюрократиялық жүктемені азайтуды қолға алды.
Министр Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, педагогтар толтыратын 25 құжаттың санын 5-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар өңірлерде қолданылып жүрген 70-тен астам цифрлық жүйеге талдау жүргізіліп, оларды біріздендіру жұмыстары басталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздың негізгі міндеті – балаға сапалы білім беру екенін айтып, осыған кедергі келтіретін артық есептер мен цифрлық жүктемені тоқтатуды тапсырды.
Дереккөз: 24.kz



