Қазақстан мен Сингапур авиация саласындағы байланысты күшейтпек
Екі ел әуе қатынасы мен жүк тасымалын дамытпақ

Қазақстан мен Сингапур азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, жолаушылар мен жүк тасымалы көлемін арттыруға уағдаласты.
Екі елдің авиациялық әкімшіліктері техникалық ынтымақтастық жөніндегі Ниет туралы мәлімдемеге қол қойды. Құжат ұшу қауіпсіздігі, жаңа технологияларды енгізу, мамандар даярлау және тәжірибе алмасу бағыттарын қамтиды.
Тараптар 2027 жылдың бірінші жартысында жаңа Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр. Сондай-ақ авиациялық ведомстволар басшыларының жыл сайынғы кездесулерін өткізу көзделген.
Айта кетейік, бұған дейін сингапурлық Changi Airport Group компаниясы Астананы өңірлік авиациялық хабқа айналдыруға атсалысуға дайын екенін мәлімдеген еді. Компания Қазақстандағы әуежай инфрақұрылымын дамытуға тәжірибесі мен технологияларын ұсынуға мүдделі.



