Қызылордада медициналық бақылау комитетінің облыстық басшысы таныстырылды
Жанерке Жақсылық жаңа қызметке тағайындалды

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты мәжіліс өтті. Жиында Медициналық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Жанерке Жақсылық Алмасқызы таныстырылды.
Үкіметтің 2026 жылғы 3 тамыздағы қаулысына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті екі дербес ведомствоға бөлінді. Медициналық бақылау комитеті медициналық қызмет сапасын қадағаласа, Фармация комитеті дәрілік заттардың айналымы мен фармацевтикалық қызметке жауап береді. Осы өзгерістерге байланысты өңірлік аумақтық департаменттер де қайта құрылды.
Жаңа басшыға өңірдегі медициналық қызмет сапасын бақылау, медициналық қызметті лицензиялау және рұқсат беру рәсімдерін заң талаптарына сай ұйымдастыру тапсырылды.
Жанерке Жақсылық Алмасқызы 1992 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2009–2016 жылдары М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша үздік бітірген.
Еңбек жолын 2017 жылы №3 қалалық емханада учаскелік дәрігер болып бастаған. Кейін осы емханада бөлім меңгерушісі және бас дәрігердің орынбасары қызметтерін атқарған.
2023–2026 жылдары Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары болған. 2026 жылдың маусымынан бүгінге дейін аталған департаментті басқарған.



