Жаңалықтар

Қызылорда облысы бойынша медициналық сақтандыру қорының директоры тағайындалды

Сапар Рахменшеев Қызылордаға жаңа қызметке келді

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының жаңа директоры Сапар Рахменшеев таныстырылды. Ол Денсаулық сақтау министрінің келісімімен қор төрағасының бұйрығына сәйкес тағайындалған.

Облыс әкімі жаңа директорға өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысын тиімді ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ қор қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылап, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдау міндеттелді.


Сапар Рахменшеев 1974 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетінде «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын 1997 жылы Алматы қаласындағы наркологиялық орталықта дәрігер-психиатр-нарколог болып бастаған. Кейін бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарған. Әр жылдары Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары және басшысы, Алматы облысы мен Алматы қаласындағы Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитеті департаменттерінің директоры, Алматы қаласындағы №1 емхананың бас дәрігері болған.

2018 жылдан бастап Алматы қаласындағы Психикалық денсаулық орталығын басқарған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button