
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жауапты сала басшыларымен бірге Қызылорда қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарының жұмыс барысымен танысты.
Алдымен сол жағалауда салынып жатқан 300 төсектік көпбейінді ауруханаға барды. Медициналық кешен бір ауысымда 100 келушіге қызмет көрсететін емхананы да қамтиды. Қазіргі уақытта ғимараттың ішкі әрлеу және инженерлік желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Титов шағын ауданындағы 400 келушіге арналған №5 емхананың құрылысымен танысты. Жалпы ауданы 8 937 шаршы метр болатын нысан құрылысына 9,7 млрд теңге бөлінген. Емхана жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Инжинирингтік паркі мен 600 мың кітап қорына арналған Президенттік кітапхананың құрылыс алаңдарын аралады. Инжинирингтік парк зертханалармен, жасанды интеллект орталығымен және дәрісханалармен жабдықталады. Ал Президенттік кітапханада оқу залдары, архив, электрондық кітапхана, көрме галереялары және басқа да бөлімдер орналасады. Қазіргі уақытта кітапхана аумағында жер қазу және іргетас құю жұмыстары жүріп жатыр.
Сонымен қатар Мұрат Ергешбаев Жанқожа батыр көшесіндегі теміржол өткелінің құрылыс барысын көрді. Көпір пайдалануға берілген соң Шанхай, Коммунизм және Гагарин шағын аудандары тұрғындарының көлік қатынасы жеңілдейді.
Сапар соңында облыс әкімі сенбілікке қатысқан тұрғындармен кездесіп, тазалық жұмыстарына үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.



