
Қызылордада BMW және Lexus маркалы көліктерімен қауіпті дрифт жасаған 20 жастағы екі жүргізуші жауапқа тартылды. Олар әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған.
Бейнежазбада жүргізушілердің көліктерін бір орында айналдырып, қауіпті маневр жасағаны көрінеді. Полицейлер оларды анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Екі жүргізушіге қатысты барлығы 13 әкімшілік хаттама толтырылды. Олардың қатарында маневр жасау, қауіпсіздік белдігін тағу және көлікті тоқтату ережелерін бұзу, техникалық ақауы бар автокөлікті басқару деректері бар.
Сот шешімімен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін екі жүргізуші де 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Полиция өкілдері қауіпті дрифт пен тәуекелді маневрлер адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіретінін ескертіп, жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырды.



