Мөрәлі Шәменовтің 110 жылдығына орай жарыс өтуде
Жалағашта дзюдодан республикалық турнир басталды

Жалағаш ауданында ауыл шаруашылығы саласының көрнекті ұйымдастырушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Мөрәлі Шәменовтің 110 жылдығына орай дзюдодан жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир басталды.
Аудандық спорт кешенінде өткен ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Төрәлиев, «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» Өмірбек Шәменов, Садық Мұстафаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, спорт ардагерлері мен жаттықтырушылар қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі Мөрәлі Шәменовтің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі мен өнегелі өмір жолын атап өтті. Сондай-ақ 2000 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан турнирдің жас спортшылардың жетістіктеріне ықпал етіп отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, биылғы жарысқа еліміздің 14 өңірінен 350-ге жуық жас дзюдошы қатысуда. Спортшылар 9 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды.



