Жаңалықтар

Мұрат Ергешбаев Арал тұрғындарын қабылдады

Аралда жаңа емхана мен мектеп салу мәселесі көтерілді

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Арал ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға 50-ге жуық азамат қатысып, өтініш-тілектерін жеткізді. Тұрғындар баспана, денсаулық сақтау, білім, жол жөндеу және елді мекендерді газдандыру мәселелерін көтерді. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріп, ұсыныстарды жан-жақты зерделеуді тапсырды.

Кездесуде Сексеуіл кентіндегі 37 шақырымдық «Самара–Шымкент–Сексеуіл» аудандық маңызы бар автомобиль жолының жағдайы да сөз болды. Аталған жол «Арал–Каспий» магистралінің құрылысына байланысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ теңгеріміне берілген. Алдағы уақытта магистраль құрылысы аясында жол учаскесін қайта жаңғыртып, асфальт төсеу жоспарланған.

Сондай-ақ жеке кәсіпкер Әлия Хамидоллақызы «Шанхай» шағын ауданында емхана және №13 мектептің жаңа ғимаратын салу мәселесін көтерді.

Арал қаласында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана жобасы әзірленген. Қазіргі уақытта бюджеттік өтінім тиісті министрлікке жолданып, шешімі күтілуде.

Ал 1930 жылы салынған Т.Г. Шевченко атындағы №13 мектептің орнына 450 орындық жаңа ғимарат салу жобасы дайындалған. Жаңа мектепті Қарасақал Ерімбет көшесі, №15 мекенжайында салу және ескі ғимаратты бұзу көзделген.

Қабылдау барысында тұрғындар құқық қорғау органдарының басшыларынан да құқықтық кеңес алды. Мамандар көтерілген мәселелердің заңдық негіздерін түсіндірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button