
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге Қызылорда қаласының тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдауға 100-ден астам адам келді.
Атап айтқанда, қала тұрғыны Марал ишан көшесіне аялдамалар санын көбейту, жарық шамдарын орнату, жол бойына қоршау қою және жаяу жүргіншілер жолын салу жөнінде өтініш білдірді.
Көшені жаңғыртуға арналған 6,8 млрд теңгелік жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Жоба аясында көшені төрт жолаққа дейін кеңейту, 424 жарық шамы мен 10 аялдама орнату, жаяу жүргіншілер жолын салу көзделген. Мемлекеттік сатып алу конкурсында «УАД» ЖШС жеңімпаз атанып, қазір келісімшарт жасалуда.
Сонымен қатар облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Сағатбек Сиюов ғимараттың пайдаланылмай тұрған бөлігін жөндеу және инватакси қызметіне қажетті автокөлік алу мәселесін көтерді. Осыған байланысты облыс әкімі жауапты басқармаға тиісті тапсырма берді.



