KZO life

Қызылордада студенттер жатақханасы талапқа сай ма?

Студенттік шақ – адам өміріндегі қайталанбас кезеңдердің бірі. Бұл уақыттағы қызықты сәттер мен жылы естеліктер жылдар өтсе де адам жадыңда мәңгі сақталады. Әсіресе, жатақханадағы өмірдің орны бөлек. Бір бөлмеде тұрып, қуанышты да, қиындықты да бірге бөліскен жандардың орны қашанда ерекше болмақ. Жатақхананың әрбір бұрышы жастық шақтың жылы естелігі іспетті. Осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №5 жатахананың жағдайымен таныстық.

Бүгінде университетке оқуға түсушілер қатары жыл сайын артып келеді. Әсіресе, облыстың аудан-ауылдарынан келген студенттер үшін жатақхананың жағдайы маңызды. Студенттерге қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Қауіпсіздік пен тұрмыс жағдайы талапқа сай ма? Осы сұрақтарды №5 жатақхананың студенттік кеңес төрағасы 3-курс студенті Жұмағұл Балнұрға қойдық.

– Бүгінде жатақханада 400-ге жуық студент тұрады. Олардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Қауіпсіздік мәселесі басты назарда. Турникеттер мен бейнебақылау камералары тәулік бойы жұмыс істейді. Күзетшілер де тұрақты бақылау жүргізеді. Екі, үш және төрт адамға арналған бөлмелер бар. Әр студентке жеке төсек пен шкаф қарастырылған. Сонымен қатар душ пен дәретхана бөлмелері де бар. Студенттер тарапынан әзірге шағым түскен жоқ. Егер қандай да бір мәселе туындаса, әр қабаттың старостасына, студенттік деканға, комендантқа немесе университеттің тәрбие бөліміне жүгіне алады. Тазалық та назардан тыс қалмайды. Аптасына екі рет арнайы тексеріс жүргізіледі, – дейді Балнұр Бақытбекқызы.

Жатақханада студенттердің бос уақытын тиімді өткізуіне де мүмкіндік бар. Мұнда демалыс бөлмесі, теннис ойнауға арналған орын және кітапхана жұмыс істейді. Ал ғимараттың сыртында көгалдандырылған аумақ пен Сейхун орналасқан. Сондай-ақ белсенді студенттерге арналған орта қалыптасқан.

– Жатақханада демалыс бөлмесі, теннис, кітапхана бар. Студенттер белсенді ортаға өз еркімен қосыла алады. Бұдан бөлек, психологтармен жеке жұмыс жүргізіледі, – дейді студенттік декан.
Ал жатақханада тұратын студенттердің пікірі қандай?
– Жатақханамыз өзге өңірлерден кем түспейді. Барлық жағдай жасалған. Керектінің бәрі бар. Ең бастысы, студенттерге тиімді. Бағасы да қолайлы, қалтаға салмақ салмайды, – дейді 3 -курс студенті Диана Ергеш.

Расында, студенттік жатақхана – тек уақытша тұратын орын емес. Ол – жаңа орта, достық қарым-қатынас пен өз бетінше өмір сүруге үйрететін маңызды кезеңнің бір бөлігі. Бүгінде қаламыз күннен күнге көркейіп, инфрақұрылымы жаңарып келеді. Бұл өзгерістер білім беру саласы мен студенттердің тұрмыс жағдайынан да байқалады. Заманауи ғимараттармен қатар, жастардың жайлы өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру да маңызды. №5 жатақхана – соның бір көрінісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button