Орталық моншаның сыры қандай?

Қаланың әр көшесінде өткен күннің ізін сақтаған тарихи ғимараттар бар. Солардың бірі Әйтеке би көшесінде орналасқан ескі қалалық монша.
Тарихи деректерге сүйенсек, ғимарат 1905–1907 жылдары, Перовск кезеңінде салынған. Бір ғасырдан астам уақыт бойы қала тіршілігінің бір бөлшегіне айналған монша 1990 жылға дейін халыққа қызмет көрсеткен. Ал 1991 жылы жекеменшікке өткен.
Алайда ескі моншаның тарихы тек оның салынған кезеңімен шектелмейді. 2026 жылы ғимараттың жертөле бөлігінен көне бөлмелер мен жер асты құрылымдары анықталғаны туралы ақпарат тарады. Зерттеушілер арасында бұл нысаннан Айтбай мешітімен байланысты жерасты тоннелі болуы мүмкін деген болжам да айтылды. Дегенмен бұл нұсқа әзірге ғылыми тұрғыда толық дәлелденген жоқ.
Бір қарағанда, қарапайым ғана ескі монша болып көрінетін ғимараттың қабырғасында тұтас бір дәуірдің тарихы жатыр. Оның әр кірпіші Перовск кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі қала өмірінен сыр шертетіндей. Мұндай тарихи нысандарды сақтау қала тарихын келер ұрпаққа жеткізудің маңызды жолы.
Мадина БОЛАТХАНОВА



