Қызылордада 8 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Өңірде жасөспірімдер қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді

Қызылорда облысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік-профилактикалық шаралар жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері білім беру және балалардың құқықтарын қорғау органдарымен бірлесіп, қоғамдық орындар мен ойын-сауық орталықтарында тексеру жұмыстарын ұйымдастыруда.
Жыл басынан бері облыста 11 398 құқық бұзушылық анықталған. Қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 231 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Ал түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген 8 124 кәмелетке толмаған баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар «Түнгі қаладағы балалар», «Назар аударыңыз, балалар!», «Жасөспірім-2» және басқа да профилактикалық іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді.



