Сыр өңірінде 41,6 мыңнан астам студент білім алады
Сыр жастарының бастамалары мен мүмкіндіктері талқыланды

Қызылорда облысында 41,6 мыңнан астам жас білім алуда. Оның 20 мыңға жуығы 3 жоғары оқу орнында, ал 21 624-і 28 колледжде оқиды.
17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жастардың жетістіктері мен бастамалары таныстырылды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Салтанат Бижігітқызының айтуынша, оқу орнында 12 мыңға жуық студент бар. 2025–2026 оқу жылында 462 мәдени-қоғамдық шара ұйымдастырылған. Жастар саясаты ұлттық құндылықтар, құқық пен тәртіп, қамқорлық және интеллектуалды даму бағыттарын қамтиды.
Жиында жас ғалым Балауса Мұсабек өндіріс қалдықтарын пайдаланып, төсеніш тақтайшаларына арналған бетон өндіру жобасын таныстырды. Оның айтуынша, жоба жылына 10 мың текше метр өнім шығаруға және 59 миллион теңгеден астам қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Жоба аясында дайындалған тақтайшалар Қызылорда қаласындағы №28 тұрғын үйдің ауласына төселген.
Сондай-ақ брифингте Азия чемпионы, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы Асылхан Қайратұлы спорттағы жетістіктерімен бөлісті. Ол стенд атудан Азия чемпионатында әлемдік рекорд орнатып, халықаралық Гран-при турнирінде екі алтын медаль жеңіп алған. Спортшы халықаралық жарыстарға қатысуына университет тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті.



