ҰБТ – өмірдің соңы емес

ҰБТ – кейде лотерея іспетті. Бірі 11 жыл бойы үздік оқып, тестілеуден төмен балл жинаса, енді бірі мектепте жоғары нәтиже көрсетпесе де, күтпеген жерден грант иегері атанады. Әрине, күні-түні дайындалып, білімін жетілдірген талапкердің еңбегі ақталатыны сөзсіз. Алайда кейде қанша дайындалса да, жолы болмайтын жағдайлар кездеседі.
Бүгінде ұлттық бірыңғай тестілеу жас түлектер үшін өміріндегі шешуші кезеңдердің біріне айналған. Бір ғана емтиханның нәтижесі үшін оқушылар күйзеліске түсіп, психологиялық қысымға ұшырайды. Тіпті ҰБТ-ның салдарынан өзіне қол жұмсау жағдайлары да жиі кездеседі. Бұған қоса, мектеп тарапынан оқушыларға қойылатын талап та аз емес. Ал тестілеуге дайындалудың өзі ата-ананың қалтасына айтарлықтай салмақ түсіреді.
Алдымен мектеп мәселесіне тоқталсақ. Кейбір білім беру ұйымдары өз статистикасы мен рейтингі үшін оқушылардан ҰБТ-дан жоғары балл жинауды талап етеді. Тіпті талапкер таңдаған бейіндік пәндерден бөлек, мектеп өзге пәндерге де дайындалуға мәжбүр етеді. Мәселен, дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілін таңдаған оқушы алгебра, физика, химия секілді пәндерге де уақыт бөлуі керек. Алайда оқушының уақыты шектеулі. Бірнеше пәнді қатар алып жүру қосымша жүктеме түсіріп, негізгі бағытқа дайындалуына кедергі келтіруі мүмкін.
Тағы бір назар аударатын мәселе – мектеп мұғалімдерінің ақылы қосымша сабақ өткізуі. Мәселен, мұғалім мектепте тарих пәнінен сабақ берсе де, сол оқушыларды жеке ақылы түрде тағы ҰБТ-ға дайындайды. Білім беру жүйесіндегі тағы бір мәселе осы.
Келесі мәселе – мемлекеттік квоталар мен грант бөлу тәртібі. Мәселен, ҰБТ-дан 114 және 115 балл жинаған екі талапкерді алайық. Балл айырмашылығы небәрі бір ұпай болғанымен, квота санатына жататын талапкердің грантқа түсу мүмкіндігі жоғары болуы ықтимал. Екеуі де бірдей дайындалып, қосымша курстарға қатысқанымен, грант конкурсында әлеуметтік санаттардың ескерілуі нәтижеге әсер етеді. Осы мәселеге қатысты 11-сынып оқушыларының пікірін тыңдадық.
– Мені қынжылтатыны – мемлекеттік квотаға бөлінген гранттардың жалпы конкурсқа қосылуы. Әр талапкердің еңбегі жеке бағалануы керек деп ойлаймын. Мәселен, ауылдық квота бойынша грант бөлінуіне қарсылығым жоқ. Себебі адам өзінің қай жерде дүниеге келетінін таңдай алмайды. Сондықтан квотаны алып тастау керек демеймін, керісінше, оның болғанын қолдаймын. Тек квотаға арналған гранттар жалпы конкурсқа қатысатын талапкерлердің грант орындарымен араластырылмаса деймін, – дейді Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектептің 11 «Д» сынып оқушысы Жалдеш Икрам Талғатұлы.
Түлектерді алаңдататын тағы бір мәселе – ҰБТ-ға дайындайтын курстардың бағасы. Қазір онлайн және офлайн форматтағы дайындық орталықтары жеткілікті. Алайда сапалы әрі сұранысқа ие курстардың бағасы да жоғары. Мәселен, бүгінде бір пән бойынша бір айлық дайындық құны кемінде 15 мың теңгеден басталады. Бірнеше пәнді қатар оқитын талапкерлер үшін бұл ата-ананың бюджетіне қосымша салмақ түсіреді.
Дегенмен ҰБТ-ға дайындықтың нәтижесі тек ақылы курсқа қатысумен өлшенбейді. Ең бастысы – жүйелі дайындық, уақытты тиімді пайдалану және өз біліміне сену. ҰБТ – өмірдің соңы емес. Алда әлі талай мүмкіндік пен таңдау бар.



