Қызылордада коммуналдық мекемелердің қысқа дайындығы тексерілді
Облыс әкімі инфрақұрылым нысандарын аралады

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қаладағы коммуналдық және инфрақұрылымдық мекемелерді аралап, қысқы кезеңге дайындығын тексерді.
Алдымен 908,9 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолына қызмет көрсететін «ҚАЖсервис» ЖШС облыстық филиалының жұмысымен танысты. Кәсіпорын теңгеріміндегі 134 техниканың 84-і қысқы күтіп-ұстауға арналған. Қазір 83 техника дайын. Өндірістік базалар, қоймалар мен жылыну пункттері әзірленген.
Сондай-ақ төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасы мен жедел медициналық жәрдем стансасының дайындығы қаралды.
Төтенше жағдайлар департаментінде 902 қызметкер еңбек етеді. Өрт сөндіру бөлімдері техникамен 80 пайыз жабдықталған. Қосымша 20 техника сатып алынуда. Алдағы уақытта сол жағалауда өрт сөндіру депосы мен авиациялық техникаға арналған ангар салу жоспарланған.
Өңірде 70 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Автопаркті жаңарту үшін 20 санитарлық көлік сатып алуға қаражат бөлініп, келісімшарт жасалған. Қазір көліктер медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылуда. «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ теңгерімінде 10 608 шақырым электр желісі мен 2 058 қосалқы станция бар. Биыл жөндеу жұмыстарына 348 млн теңге бөлініп, жоспар толық орындалған. Кәсіпорын қысқы кезеңге дайындық паспортын алған.
Ал «Қызылорда тазалығы» мекемесінде 543 қызметкер еңбек етеді. Теңгерімінде 219 техника бар. Автопаркті жаңарту мақсатында 2022–2024 жылдары 69, биыл лизинг арқылы тағы 37 техника сатып алынған. Мекеме қалада тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізеді.



