Кәсіпкерлерге ұлттық атау таңдаудың жолдары ұсынылды
Сырдың шежірелі атаулары жаңғыртылмақ

Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Сыр өңірінің эргонимдері» әлеуметтік жобасы аясында әзірленген «Қызылорда облысының эргонимдері» атты әдістемелік нұсқаулық таныстырылды.
Іс-шараға филолог-ғалымдар, тіл жанашырлары, кәсіпкерлер, Кәсіпкерлер палатасының өкілдері және журналистер қатысты.
Жиында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Д. Тлеумбетов кәсіпкерлік нысандарға атау беруде өңірдің тарихы мен ұлттық құндылықтарын дәріптеудің маңызын атап өтті.
Нұсқаулықты жоба жетекшісі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Аман Абасилов таныстырды.
Әдістемелік құралда кәсіпкерлік нысандарға ұлттық мазмұндағы, заманауи әрі есте қаларлық атаулар таңдау жолдары ұсынылған. Атап айтқанда, Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат, Жетіасар секілді тарихи орындар мен географиялық атауларды бренд ретінде қолдану қарастырылған.
Сонымен қатар көрнекі ақпаратты рәсімдеу кезінде тіл туралы заң талаптарын сақтау мәселелері қамтылған.
Кездесу соңында нұсқаулықты мекемелерге, кітапханаларға, қала және аудан әкімдіктеріне, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасы арқылы кәсіпкерлерге тарату жоспарланғаны айтылды.
Жиын қорытындысында филолог-ғалымдар Алдажар Әбдірасуллеұлы мен Аман Мәделханұлына мемлекеттік тілдің қолданыс аясын дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірілді.



