«Төретам» теміржол вокзалы қайта жаңғыртылды
Маңызды нысанды жөндеуге 1 млрд теңге бөлінді

Бүгін Қармақшы ауданында жаңғыртылған «Төретам» теміржол вокзалының ашылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Құрылтай депутаттары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Аймақ басшысы теміржол вокзалдарын заманауи талапқа сай жаңарту тұрғындар мен өңірге келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасау үшін маңызды екенін атап өтті.

Сыр өңірі тоғыз жолдың торабында орналасқан маңызды көлік дәлізі саналады. Облыс аумағынан 15 жолаушы пойызы өтеді. Қызылордадан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан бағыттарына пойыз қатынайды.

Төретам теміржол вокзалының тарихы Байқоңыр ғарыш айлағының құрылу кезеңімен тығыз байланысты. Станция арқылы ғарыш айлағына қажетті құрылыс материалдары, жабдықтар мен жүктер тасымалданған.
Жаңғыртылған вокзал тәулігіне 250 жолаушыға қызмет көрсете алады. Жөндеу барысында ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталып, шатыр, есік-терезелер, электр және жылу жүйелері жаңартылды.
Вокзалда күту залы, мүгедектігі бар және балалы жолаушыларға арналған арнайы бөлмелер, медициналық пункт бар. Нысанды қайта жаңғыртуға 1 млрд теңге бөлінді.



