Жаңалықтар

Азық-түлік бағасы арзандады

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы арзандап жатыр

Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеу үрдісін көрсетуде. Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы 16 қыркүйектегі мәліметіне сәйкес, апта ішінде негізгі көкөніс өнімдері мен бірқатар тауар құны едәуір арзандаған.
Қай өнімдер қаншалықты арзандады?
Апталық көрсеткіш бойынша ең айтарлықтай баға төмендеуі көкөніс түрлерінде тіркелді:
  • Пияз — 5,1%-ға (ел бойынша орташа бағасы — 149 тг/кг, ең төмен баға Павлодарда — 119 тг/кг);
  • Картоп — 3%-ға (орташа бағасы — 211 тг/кг, Павлодарда — 135 тг/кг);
  • Сәбіз — 2,4%-ға (орташа бағасы — 222 тг/кг, Павлодарда — 140 тг/кг);
  • Ақ қауданды қырыққабат — 2,3%-ға;
  • Алма — 1,1%-ға;
  • Қант — 0,7%-ға;
  • Сүзбе мен тауық еті — 0,4%-ға төмендеді.
Сонымен қатар республика бойынша қызанақтың орташа құны 620 тг/кг деңгейінде қалыптасты. Бұл көкөніс ең қолжетімді бағамен Таразда (378 тг/кг) және Атырауда (396 тг/кг) саудалануда.
Ал нан, ұн өнімдері (рожки), сиыр және қой еті, сүт, қаймақ, май, тұз және шай секілді күнделікті тұтынатын тауарлар бағасы өткен апта деңгейінде өзгеріссіз қалды.
Өңірлердегі жағдай
Азық-түлік бағасының төмендеуі (дефляция) әсіресе үш шаһарда анық байқалды:
  • Жезқазғанда жалпы бағалар — 0,3%-ға;
  • Семейде — 0,2%-ға;
  • Талдықорғанда — 0,1%-ға арзандады.
Ал Астана, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қонаев, Орал, Павлодар, Петропавл және Түркістан қалаларында әлеуметтік тауарлар құны тұрақты сақталды.
Ұлттық статистика бюросы баға көрсеткіштерін барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда апта сайын бақылап отырады. Толық динамикалық мәліметтер бюроның ресми сайты мен «Талдау» ақпараттық жүйесінде тұрақты жарияланады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button