
Қазақстан Абу-Дабиде ұйымдастырылған 35-ші халықаралық кітап көрмесіне қатысты. Биылғы шараға әлемнің 95 елінен 1200-ге жуық қатысушы жиналды. Көрме «Парақта да, әлемді оқы» ұранымен өтіп, мәдени, әдеби және білім беру бағытындағы түрлі іс-шараларды қамтыды.
Қазақстанның ұлттық стендінде отандық авторлардың еңбектері, қазіргі қазақ әдебиеті, балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымдар, ұлттық мәдени мұраға қатысты кітаптар және қазақстандық баспалардың жобалары көпшілікке ұсынылды.
Сонымен қатар Қазақстан өкілдері шетелдік баспалармен, әдеби агенттіктермен және мәдени ұйымдармен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында қазақ әдебиетін шет тілдеріне аудару, авторлық және баспа құқықтарын халықаралық деңгейде ілгерілету, сондай-ақ бірлескен әдеби-мәдени жобаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болды.
Қазақстанның көрмедегі бағдарламасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстанның БАӘ-дегі Елшілігі және Nomad мәдениет қорымен бірлесіп ұйымдастырылды.



