Мадридте қазақ балаларының өнері дәріптелді
Димаш жанкүйерлері қазақ мәдениетімен танысты

Мадридте Димаш Құдайбергеннің DIMASH әлемдік туры аясында өткен жанкүйерлер кешінде шетелде тұратын қазақ балаларының шығармалары ұсынылды.
«Отандастар қоры» мен Мадридтегі қазақ мәдени орталығы ұйымдастырған «Қазақстан – менің көзіммен» көрмесіне тоғыз елде тұратын балалардың туындылары қойылды. Олар Жапония, Нидерланд, БАӘ, Грузия, Катар, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан және Қырғызстанда тұрады.
Шараға 500-ге жуық адам, соның ішінде әлемнің әр түкпірінен келген Димаш жанкүйерлері мен Еуропаның 20-ға жуық елінен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Балалар суреттерінде Қазақстанның табиғатын, ұлттық дәстүрі мен мәдени мұрасын бейнелеген. Көрменің мақсаты – қазақ мәдениетін шетелде таныту және мәдени орталықтар арасындағы байланысты нығайту.
Кеш бағдарламасында домбыра күйлері орындалып, қазақ билері мен фламенко қойылымы ұсынылды. Сонымен қатар балаларға арналған «Шахматшы Қонжық» кітабы таныстырылып, Tildes KZ сөйлесу клубының жұмысы туралы ақпарат берілді.



