Қызылордада энергетика саласына жауапты жаңа басшы тағайындалды
Оспан Берден мемлекеттік энергетикалық бақылау комитетінің облыстық департаментін басқарады

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты мәжіліс өтті. Жиында Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаментінің жаңа басшысы Оспан Берден Ерболұлы таныстырылды.
Облыс әкімі жаңа басшыға қызметіне сәттілік тілеп, энергетикалық жабдықтар, электр станциялары мен желілерінің қауіпсіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді. Сондай-ақ электр және жылу энергетикасы саласындағы заңнама талаптарының сақталуын, энергия өндіруші және беруші ұйымдар мен жүйелік операторлардың күзгі-қысқы кезеңге дайындығын бақылауды міндеттеді. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуына да назар аударуды тапсырды.
Оспан Берден Ерболұлы 1996 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматы энергетика және байланыс университетінде «Электр энергетикасы», Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Жерді баптау және қорғау», Еуразиялық заң академиясында «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2018 жылы Алматы қаласы әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында бас маман болып бастаған. Кейін энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында түрлі жауапты қызметтер атқарған.



