Жаңалықтар

Қызылордада қысқы өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді

Өңірде 875 әкімшілік іс қозғалды

Сыр өңірінде қысқы жылыту маусымында өрттің алдын алу жұмыстары күшейтілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасұлан Түйменов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жыл басынан бері 985 нысанда бақылау жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі талаптарының 6 мыңнан астам бұзушылығы анықталған. Өрттің басым бөлігі тұрғын үйлер мен автокөліктерде тіркелген.

«Төтенше жағдайлар қызметі үшін ең басты міндет – қауіптің салдарымен күресу емес, оның алдын алу», – деді Жасұлан Қалдыбайұлы.

Департамент мәліметінше, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын 5 864 үйдің тізімі нақтыланып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 300 көміртегі тотығы датчигі сатып алынған.

Бүгінге дейін мамандар 16 428 тұрғын үйдің ауласын аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ талаптарды бұзған нысан иелеріне 875 әкімшілік іс қозғалып, 18 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Профилактикалық және рейдтік шаралар жылыту маусымы аяқталғанға дейін жалғасады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button