Санитариялық бақылау жұмыстарының қорытындысы қаралды
Қаладағы жұқпалы аурулар көрсеткіші төмендеді

Қызылорда қалалық мәслихатының мәжіліс залында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің көшпелі алқа отырысы өтті. Жиында 2026 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындысы қаралды.
Жиынға қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев қатысып, тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау, санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылықты сақтау маңызды міндет екенін атап өтті.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Бейбіт Молдахметұлы есепті кезеңдегі эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады. Тоғыз айда басқармаға инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша 9 434 шұғыл хабархат түскен. Өткен жылмен салыстырғанда 19 түрлі аурудың тіркелу деңгейі төмендеген. Жіті ішек инфекциясы 5,4%-ға, ал балалар арасында 15%-ға азайған.
Сонымен қатар Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында қала аумағындағы 950 мың гектардан астам жерге кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілген.
Жиын соңында санитарлық талаптардың сақталуын күшейту және түсіндіру жұмыстарын жандандыру бойынша тапсырмалар берілді. Бірқатар маман қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.



