Елордалық неге Қызылордаға көшкісі келеді?

Бірі Алматыға, бірі Астанаға көшуді армандайды. Ал елорданың өзінде тұратындар ше? Олардың да кейде үлкен қаланың қарбаласынан алыстап, басқа мекенге қоныс аударғысы келетін шығар? Біз Астана тұрғыны Елнұр Нұрайхановпен тілдесіп, осы сауалға жауап іздеп көрдік. Ол Қызылордада небәрі бес күн болған. Бірақ осы уақыттың ішінде Сыр өңірінен ерекше әсер алып, қалаға деген ықыласы артқан. Елнұрды әсіресе Қызылорданың күнделікті тіршілігі мен тұрғындарының қарым-қатынасы таңғалдырған. Оның айтуынша, шағын қаланың өзіндік жылылығы бар. Ал мұндай атмосфераны үлкен қаланың қарбаласынан табу оңай емес.
Елнұр Нұрайханов:
«Қала жайлы, көңілді екен. Тіпті түнде де тіршілік бар. Саябақта отырған жұптарды көргенде, көзге жылу береді. Астанада бәрі жұмыспен, бір-біріне назар да аудармайды. Халқы қандай қарапайым! Қала шағын, кептеліс те аз. Өзім Астанадан Қызылордаға көшкім келіп кетті», – дейді ол.
Әрине, бес күнде қаланың барлық қырын танып-білу мүмкін емес. Дегенмен кейде адамға бір мекеннің ұнауы үшін ұзақ уақыт қажет емес. Бірі үшін Астана – арман қала болса, енді бірі үшін Қызылорданың қарапайым тіршілігі мен адамдарының жылылығы қымбат.
Бәлкім, біз кейде қолда бардың қадірін біле бермейтін шығармыз. Басқа қалаларға қызығып, көшуді армандап жүргенде, өзіміздің шағын қаламыздың біреу үшін үлкен арман екенін байқамай қаламыз. Елнұрдың бес күндік сапары соны тағы бір еске салғандай. Кейде туған жеріміздің қадірін өзге адамның көзімен қарағанда ғана тереңірек түсінетін сияқтымыз.



