Қазалыда даңқты қолбасшының мерейтойына арналған конференция өтті
Жалаңтөс баһадүр туралы тарихи романның тұсауы кесілді

Қызылорда облысының Қазалы ауданында даңқты қолбасшы, мемлекет қайраткері Жалаңтөс баһадүр Сейтқұлұлының 450 жылдығына орай «Тұран жолбарысы атанған әмір» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен баһадүрдің ұрпақтары қатысты.
Конференцияда Жалаңтөс баһадүрдің қолбасшылық қызметі, саяси қайраткерлігі, Самарқан қаласының дамуына қосқан үлесі мен сәулет өнеріндегі мұрасы талқыланды. Ғалымдар тарихи тұлғаның Орталық Азия тарихындағы орны туралы баяндамалар жасады.
Жиын аясында жазушы, тарих зерттеушісі Бегімбай Ұзақбаевтың «Жалаңтөс баһадүр» атты тарихи романының тұсауы кесілді.
Конференция соңында аудан әкімі мерейтойға арнайы келген бірқатар азаматқа Жалаңтөс баһадүрдің 450 жылдығына арналған мерекелік медаль табыстады.
Айта кетейік, Жалаңтөс баһадүр Сейтқұлұлы (1576–1656) – қазақ тарихындағы көрнекті қолбасшы әрі мемлекет қайраткері. Ол Самарқан қаласының саяси өмірінде маңызды рөл атқарып, Регистан сәулет кешеніндегі Шердор медресесінің салынуына бастамашы болған.



