Қызылордалық студент ЖЭО күлінен тротуар тақтасын жасаудың жаңа әдісін ұсынды
Жаңа технология құрылыс материалын өндіру шығынын азайтады

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4-курс студенті Балауса Мұсабек жылу электр орталығының күлі мен Тасбөгет кен орнының шағыл құмын пайдаланып, тротуар тақтасын өндіру технологиясын әзірледі. Зерттеу PhD Гүлнұр Жақыпованың жетекшілігімен жүргізілуде.
Жобаның мақсаты – өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу, жергілікті шикізатты тиімді пайдалану арқылы құрылыс материалдарының өзіндік құнын төмендету және қоршаған ортаға түсетін салмақты азайту.
Материал сапасын анықтау үшін зертханада 45 сынақ циклі өткізіліп, үлгілердің микроқұрылымы зерттелген. Нәтижесінде жаңа технологиямен жасалған тақталардың сығылуға беріктігі 75,42 МПа-ға жеткен. Бұл дәстүрлі үлгілерден шамамен 23 пайызға жоғары. Сонымен қатар жаңа материалдың су сіңіру көрсеткіші төмен, қажалуға төзімділігі жоғары. Аязға төзімділігі F300 деңгейінде бағаланған.
Жобаның экономикалық тиімділігі де есептелген. Дәстүрлі әдіспен өндірілген бір текше метр тақтаның өзіндік құны 47 238 теңге болса, жаңа технологияда бұл көрсеткіш 41 328 теңгені құрайды. Осылайша, әр текше метр өнімнен 5 910 теңге үнемдеуге болады. Ал жылына 10 мың текше метр тақта өндірілсе, үнем көлемі 59,1 млн теңгеге жетеді.
Жаңа технологиямен дайындалған тақталар тұрғын үй ауласына төселіп, нақты жағдайда сынақтан өткен. Бақылау барысында олардың бетінде көзге көрінетін жарықтар мен бүлінулер байқалмаған.
Қазіргі уақытта технологияны өндіріске енгізуге дайындық жүріп жатыр. Алдағы уақытта материал құрамындағы зиянды элементтердің сумен шайылу ықтималдығына қосымша экологиялық сараптама жүргізіліп, өндірістік сынақтар ұйымдастырылады. Сондай-ақ өнімді жаппай шығаратын арнайы өндірістік желіні іске қосу жоспарланып отыр.



