Дәрілерді сатып алуға 662 млрд теңге бөлінді
Қазақстанға 2027 жылғы дәрілер қаңтарда жеткізіледі

2027 жылға арналған дәрілік препараттар желтоқсанда бірыңғай дистрибьютор қоймаларына жеткізіле бастайды. Ал медициналық ұйымдарға тарату 2027 жылғы 5 қаңтардан жоспарланған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
«СК-Фармация» мәліметінше, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу жұмыстары биыл белгіленген мерзімнен үш ай бұрын басталған. Сатып алудың жалпы құны 662,1 млрд теңгені құрайды.
Қазір бірыңғай дистрибьютор жүйесі 1 875 медициналық ұйымды қамтиды. Жүйе арқылы дәрілік заттардың 2 мыңнан астам атауы жеткізіліп, 2 миллионнан астам пациент қамтамасыз етіледі.
Компания дерегіне сәйкес, 2024–2026 жылдары дәрі-дәрмек сатып алу кезінде бюджет қаражатының 195 млрд теңгеден астамы үнемделген. Оның 70 млрд теңгесі 2026 жылғы сатып алуға тиесілі.
Сатып алу рәсімдерін ерте бастау келісімшарттарды уақытылы жасасуға және дәрі тапшылығының алдын алуға бағытталған.



