Басықара ауылындағы №182 мектеп табиғи газға қосылды
Қазалыда әлеуметтік нысандарды газдандыру жұмыстары жалғасуда

Қазалы ауданында әлеуметтік нысандардың жылыту жүйесін табиғи газға бейімдеу жұмыстары жалғасуда.
Өткен жылы аудандық бюджеттен 54,1 млн теңге бөлініп, 14 білім беру нысаны мен бір ауылдық мәдениет үйінің бу қазандықтарын газға бейімдеу бойынша жобалық құжаттар әзірленді.
Биыл Қазалы ауданы, Ақтан батыр және Ү.Түктібаев ауылдарындағы клубтарды газға қосуға 43,4 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар Ақтан батыр және Абай ауылдарындағы амбулаториялардың қазандықтарын газға ауыстыруға 18 млн теңге қарастырылды.
Қазіргі таңда Басықара ауылындағы №182 мектеп те табиғи газға қосылды. Нысанды аралау барысында жауапты мамандарға газ жүйесінің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды.
2010 жылы пайдалануға берілген білім ордасында 199 оқушы білім алады.
Бұдан бөлек, Қ.Пірімов ауылындағы Қ.Күлетов атындағы №92 мектеп, Жалаңтөс батыр ауылындағы №103 мектеп пен «Сәуле» балабақшасының қазандықтарын табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.



