KZO life

Қызылордада той жасау қанша тұрады?

Қазақ той десе қуанады, қуаныш үшін қалтасын да қағуға дайын. Қыздар «ақ көйлек кию арманым» десе, жігіттер «өмірімде бір рет үйленемін» деп, барын салады. Оның үстіне бітпейтін салт-дәстүр, құдалық, сырға салу, қыз ұзату, беташар тағы бар. Әрқайсысының өзіндік жөн-жоралғысы мен шығыны жетерлік. Бір күндік қуанышқа миллиондап ақша жұмсау бүгінде таңсық емес. Ал Қызылордада жастар тойын өткізу үшін қанша теңге қажет? Той бюджетінің басым бөлігі қайда кетеді?

Мәселен, Ислам Қуандық өз тойын 130 адамға арнап өткізген. Оның айтуынша, қонақ саны аса көп болмаса да, тойға жұмсалған қаражат аз болмаған.

Ислам Қуандық: «Мейрамхананың өзіне 2 миллион теңге жұмсадым. Тамада мен операторға тағы 400 мың теңгедей кетті. Оның үстіне қазақтың салт-дәстүрлері бар, бәрі шығын ғой. Жалпы, есептеп қарасам, өз тойыма орта есеппен 5 жарым миллион теңге жұмсадым», – дейді ол.

Бір күндік той үшін 5,5 миллион теңге жұмсау аз қаражат емес. Десе де, Ислам бұл шығынға өкінбейтінін айтады.

– Осынша қаражат жұмсағаныңа өкінбейсің бе?
«Жоқ, өкінбеймін. Бұл – қуаныш қой. Өмірде бір рет қана үйленеміз. Ақша келеді, кетеді. Ағайын-туыс, дос-жаранның басын бір қосып алғанға не жетсін?! Әрине, аз сома емес. Сонда да білмеймін, өзіме ұнайды. Сондықтан өкінбеймін», – дейді жас жұбай.

Расында, қазақ үшін той – екі жастың ғана емес, екі әулеттің қуанышы. Сондықтан жастар бір күндік мерекеге қомақты қаражат жұмсауға дайын. Бірі үшін бұл – өмірінде бір рет болатын ерекше сәт, енді бірі үшін қаржылық тұрғыдан алдын ала жоспарлауды қажет ететін үлкен жауапкершілік.

Қалай десек те, тойдың сәні мен мәні жұмсалған ақшамен өлшенбесе керек. Ең бастысы – екі жастың бақытты өмір бастауы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button