KZO life

Марапат үшін емес, халық үшін от кешеміз

«Ерлігі үшін» медалін алған Нұрсұлтан Жалғасовпен әңгіме

Күн сайын өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін сақтап қалуға асығатын мамандық иелері бар. Олар үшін әрбір шақырту, әрбір секунд – маңызды. Бүгінгі кейіпкеріміз –  Қызылорда қаласы №6 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Нұрсұлтан Жалғасов. Көпшілік елей бермейтін бұл мамандықтың артында қаншама еңбек, ерлік пен жанкештілік жатыр. Өзгенің өмірі үшін өз қауіпсіздігін кейінге ысыратын азаматтың еңбегі де елеусіз қалған жоқ. 2026 жылғы 7 қыркүйекте болған ірі өртті сөндіру кезіндегі батылдығы үшін Нұрсұлтан Президенттің қолынан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Нұрсұлтан Жалғасов 2017 жылдан бері өрт сөндіруші болып қызмет атқарып келеді. Оның кәсіби шеберлігі мен батылдығы 2026 жылғы 7 қыркүйекте Қызылорда қаласындағы «Kyzylorda refinery» ЖШС аумағында болған ірі өрт кезінде айқын көрінді. Қауіпті жағдайға қарамастан, ол өрттің таралуына жол бермеу үшін мұнай резервуарларын салқындату және тиісті вентильдерді жабу жұмыстарына қатысты. Осылайша, резервуарлардың жану және жарылу қаупінің алдын алуға үлес қосты.

Ал кейіпкеріміздің бұл мамандықты таңдағанға дейінгі өмір жолы да өзіндік өрнекке толы. Нұрсұлтан 1996 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданының Амангелді ауылында дүниеге келген. №42 Қ. Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейде 7-сыныпқа дейін білім алған. Кейін спорт мектебіне ауысып, бокс үйірмесіне қатысқан. Одан соң М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде дене шынықтыру мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Отан алдындағы азаматтық борышын да өтеген.

Өрт сөндіруші болу тек физикалық дайындықты емес, қайсарлық пен салқынқанды шешім қабылдауды да талап етеді. Қауіпті жағдайға тап болғанда қорқынышқа бой алдыруға болмайды. Себебі, лаулаған өрттің ортасында қалған жанның бар үміті сенде ғана болары анық.

– Өрт сөндіру киімін киіп, автокөлікке мінгеннен кейін қорқуға жол жоқ. Жұмыс істеу керек. Қорқыныштың бәрін жеңу қажет. Қаншама адам саған үміт артып, қарап тұрады. Соңғы үміті сенде. Сен ол жерде «істей алмаймын, қорқамын» дей алмайсың. Өйткені сен өрт сөндірушісің. Болып жатқан өртті сөндіріп, адамдарды құтқару – басты міндетің, – дейді ол.

Мұндай жауапты жұмыста арнайы жабдықтың да маңызы зор. Өрт сөндірушілердің киімі жоғары температура мен жалыннан қорғауға арналған. Өйткені олардың қызметі лаулаған оттың ортасында, кейде жарылу қаупі бар нысандарда өтеді. Мұндай жағдайда әрбір әрекеттің артында адам өмірі тұрғанын ескерген жөн.

Осындай қауіпті сәттерде көрсеткен ерлігі үшін мемлекеттік марапатқа ие болу – Нұрсұлтан үшін күтпеген қуаныш болды. Шыны керек ол марапат аламын деп емес, лаулаған өртті сөндіріп, адам өмірін құтқарамын деп барды.

– Түс секілді болады екен. Әлі күнге дейін марапат алғаныма сенбеймін. Шыны керек, біз марапат үшін өрт сөндірмейміз. Халық үшін сөндіреміз. Дәл осындай «Ерлігі үшін» медаліне барлық өрт сөндіруші лайық деп білемін. Кейде лаулаған өртті сөндіріп болғаннан кейін бейне таспасын қарап отырып, «Шынымен, мен осы өртті сөндірдім бе?» деп таңырқайтын сәттер болады. Өрт сөндіру кезінде бала-шағаңды, отбасыңды ойлап тұрмайсың. Ол жерде өртті қалай сөндіремін деген ойға шомыласың. Себебі саған халық үміт артады, – дейді Нұрсұлтан Жалғасов.

Қызметтегі жауапкершіліктен бөлек, оны үйде асыға күтетін отбасы бар. Бүгінде Нұрсұлтан – үш баланың әкесі. Ол 2016 жылы жұбайы Мөлдір Түменбаевамен шаңырақ көтерді. Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиеленіп келеді. Жұбайының айтуынша, Нұрсұлтан жұмыста қанша жауапты болса, үйде де балаларына соншалықты қамқор.

– Жолдасым – балаларына өте қамқор әке. Бос уақытын балаларымен өткізуге тырысады. Үйге келген соң үй шаруасына да қолғабыс етеді. Біз осындай әкеміз болғанына мақтанамыз. Балаларына әрдайым үлгі бола біледі. Дегенмен өрт сөндірушінің жары болу үлкен төзімділікті талап етеді. Әр кез алаңдап отырамыз. Өрт болып жатқан жоқ па, аман-есен жүр ме деп уайымдаймыз, – дейді жары Мөлдір Түменбаева.

 

Расында ажалмен бетпе бет келу оңай емес.

Басқа жаңалықтар

Back to top button